Школа-лицей №10 имени Абая для одарённых детей, г. Павлодар, Казахстан

Материал из Letopisi.Ru — «Время вернуться домой»
Перейти к: навигация, поиск

Содержание

Павлодар қаласының Дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей -мектебі

Абай Құнанбаев(1845-1904 жж.)

Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл -ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері Абай Құнанбаев. Дана ақын - Абай 1845 жылы тамыз айында, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауында туған. Абайдың әкесі - Құнанбай өз еліне атағы шыққан аға сұлтан. Зерделі зерек ел ағасы, ірі тұлға. Абайдың анасы - Ұлжан, әжесі-Зере. Сегіз жасар Абай өзінің зеректік қабілетімен әке көзіне ілігіп, үміт күтер, ата жолын ақтар бала болар ма деген ой салады. Міне осы себептен әкесі Құнанбай Абайды Семей қаласына апарып, әуелі Ғабдулжаппар молдаға оқуға береді. Бұл молданың қарамағында екі жылдай оқып, мұсылманша бастауыш білім алады. Бұдан кейін, он жасар Абай, бір басқыш ілгері дәрежедегі, жабық оқу орны, мешіт жанындағы діни медресеге түседі. Медресенің соңғы жылында Абай мұсылманша оқумен тоқтамай, Семейдегі "Приходская школаға" түсіп, үш айдай орысша да оқыған. Бұл-Абайдың орысшаны игеріп кетуіне негіз болған. Он үш жасында Абайды әкесі Құнанбай оқудан шығарып, ел билеу әдісін үйретеді. 60-жылдардың аяқ кезінен бастап Абай аздап оқыған орысшасын өз бетімен оқу арқылы дамытып, орысша кітаптарды көп оқиды. Семей кітапханасынан кейде өзі барып, кейде арнайы кісі жіберіп кітаптар алдырады. Сөйтіп жүріп, ол 1870 жылы Петербургтен жер аударылып келген жас революционер Е.П.Михаэлиспен кездеседі. Кітапханада Л.Толстой кітабын сұрап тұрған қазақы адамды көріп таңырқаған Михаэлис оған таяп келіп, жөн сұрайды. Екеуінің таныстығы осыдан басталып, кейін үлкен достыққа айналады. Бұл жылдары Абай орыстың ұлы классиктері Пушкин, Толстой, Лермонтовтармен қатар революционер - демократтар Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов, Салтыков-Щедрин, Некрасовтардың және Еуропаның ақын, ғалым, философтарының да еңбектерімен танысып, әдеби білімін, философиялық ой-пікірін, дүниетану көзқарасын кеңейте түседі. Абай орыс әдебиеті мен публицистикасын тек оқушы, үйренуші ғана болып қойған жоқ, оларды қазақ даласына насихаттаушы, өзінің мазмұнына түрі сай, көркем аудармалары арқылы оның идеясы мен мазмұнын да, эстетикалық қасиеттерін де қазақ оқушыларына дәл жеткізуші болды. 1886 жылы Абай "Ғылым таппай мақтанба , "Интернатта оқып жүр" өлеңдерін жазды. Ақынның бұл өлеңдерінің күні бүгінге дейін мәні зор. Ақын айтқан : өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, орынсыз мал шашу сияқты теріс әрекеттер әлі де бар. Ал, талап, еңбек, ғылым, қанағат, рақым да біздің қазіргі тәрбиеге дәл келеді. Абай қазақ поэзиясын жаңа биікке көтерді. Ол өзіне дейінгі қазақ әдебиетіндегі кемшіліктерді қайталамады. Шығыс, батыс, орыс мәдениетін өз шығармаларына үлгі етіп, сол арқылы өз өлеңдерінің сапасын жоғарылатты, ұлттық түрді сақтай отырып, оған интернационалдық нәр берді, әдебиетімізді шын өнер дәрежесіне жеткізді. Өзі үстем таптан шықса да, Абай бұқарашыл тілектегі халық ақыны болды. Ол шығармаларында сол халықтың мүддесін, арман мұңын жырлады. Соның жарқын болашағын аңсады. Ақын адамның адамдық қасиеті еңбекте, ғылым-білім үйренуде, адамгершілік мінез-құлықта деп ұқты. Сондықтан елін еңбекке, өнерге үндеді. Қазақ әйелінің бас бостандығын жырлады. Абай қазақтың ұлттық әдебиетін мазмұны жағынан ғана емес, түр жағынан да байытты. Қазақтың әдеби тілінің негізін салды. Қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов Абайды "қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі" деп орынды атаған. Ұлтымыздың ұлы перзенті — хакім Абайдың өлеңдері мен қара сөздері Өз заманынан оза туған акынның терең ойлары мен асыл сөздері келешек замандарда гауһардай жарқырап, көзі ашық, көкіректерге нұр болып құйыла берері хақ.

Файл:Mektep.JPG
Дарынды балаларға арналған №10 лицей мектебі
Директоры Абилова Х.Ж.

Мектебіміздің қысқаша тарихы

1930 жылы «Казкоммуна» деп аталып, 1937 жылдың 23 маусымында Павлодар аудандық атқару комитетінің пленумында қазақ онжылдық мектебін ашу жөнінде қаулы қабылданды. 1937 жылы Павлодар райсполкомының № 57 шешімімен он жылдық қазақ мектебі болып ашылған.1 қыркүйекте жаңа ашылған онжылдық қазақ мектебінде 16 мұғалім жұмыс істеді. 1938-39 жылдары «Үлгілі қазақ мектебі» деп аталды. Осы жылдары Алматыдағы ҚазПИ- ді бітірген: ғалым Төлеутай Ақшолақов, Мадин Имаш, Меңдіғалиева Сұлтан тағы басқалары ең алғашқы еңбек жолдарын бастап, ұстаздықтың ізгі жолын салып кетті.. 1940 жылы 14 сәуірде Абай Құнанбаевтың есімі берілді, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, оқушылар саны азайды, мектеп бітіруші болмады. 1941-45 жылдары 5 оқушы аяқтады. 1946-47 оқу жылында 7 оқушы бітірді: бәрі жоғары оқу орнына түсті. 1946 жылдан мектеп жанында интернат – пансионат жұмыс істеді. 1947 жылы мектеп шәкіртттері «Ұшқын» атты алғашқы қабырға газетін шығарды. 1947-48 жылдары 12 оқушы аяқтады. 1948-49 оқу жылы оқушы саны көбейді. 1950-1951 оқу жылы мектептің жоғары сыныптары көбейтіліп, мектеп жанынан 60 орындық балалар бақшасы орын тепті. Орта мектебі жоқ қазақ ауылдарынан 7 жылдық мектепті бітірген балалар санымен көбейеді. Алтай өлкесінен, Новосібір облысынан қазақ балалары келіп, бірнеше параллель сыныптар ұйымдастырылды. 1951-52 оқу жылын 22 оқушы аяқтады. Олар: Әсия Байзақова, Кемер Әшімбетов, Нүркен Ыбыраев, Серік Жақсыбаевтар. 1953-54 оқу жылында екі 10- сынып бітірді. 1955-56 оқу жылында 80-ге тарта түлек қанат қақты. 1956-57 оқу жылында 100-ге тарта оқушы өмір жолына аттанды 1957 -58 оқу жылында 11 жылдық болғандықтан, мектеп бітірушілер болмады. 1959 – 60 оқу жылында қазақ мектептеріндегі оқушы саны азайды. 1962 жылы мектеп жанындағы «Интернат-пансион» жабылып, №3 облыстық интернат бөлініп шықты. Осыған орай, 120 оқушы сонда ауыстырылды. Оқушы саны азайғандықтан, орыс мектебінің бастауыш сыныптары мектепке орналастырылды. 1948-1977 жылдары аралығында мектеп бітірушілер ішінде 25 күміс және алтын медаль иегерлері болған. 1980 жылдары білім беру жүйесіне реформа жасалып, еңбек сабақтары мен өндірістік оқуды жүзеге асыру басталды. 10 жылдық мектеп 11 жылдық мектепке айналды. Мектепте шеберхана, жылу беру жүйесі салынды. Осы жылдардан бастап мектеп өмірі айтарлықтай алға басып, білім мен тәрбие жұмысының жүйелі нәтижесі өз жемісін берді. 1992 оқу жылында аралас мектептер саны азайтылды. 1992-93 оқу жылы жаңа типті лицей-мектебі дәрежесін алу үшін, эксперименттік алаң болып қойылды. 1994 жылы мектеп лицей атағын алу үшін тәжірибелік алаңға қойылды. 1999 жылдың 25 мамырынан Облыстық экспорттық кеңестің шешімі бойынша мектепке лицей атағы беріліп, Абай атындағы №10 лицей мектебі деп аталыңды. 2000-2007 оқу жылдарында 15 алтын медаль иегерлері, 1996-2006 оқу жылдары аралағында 40 үздік аттестат иегерлерін мектеп қабырғасынан ұшырды.

Грецияда өткен «Балалар .Интеллект.Мәдениет.» фестивалі  аясында өтетін  тестік рейтингілік  пәндер олимпиадасынан және
 ғылыми жобалар сайысынан 20 оқушы жүлдегер атанып, Республикалық  ғылыми жобалар сайысында  32 оқушы жеңімпаз  болып, ал облыстық  ғылыми жобалар сайысында 100-ге тарта оқушы бәйгенің алдын бермеді. 
Мектеп «Ақыл ойдың шарықтауы», «Дебат» секілді халықаралық бағдарламаларды  меңгеріп, халықаралық сайыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанды. Мектептің 120 оқушысы қатысатын «Салтанат» би тобы облысымызға ғана емес, республикамызда әйгілі. 
Мектеп 2000 жылы «Білім сапасы  жөніндегі облыстық  конкурстың жеңімпазы», осы жылы Республикалық « Таңдаулы мектеп» байқауының лауреаты 
2001 жылғы Орта және кәсіптік білім беру мектептерінің арасындағы оқыту қызметінің  сапасы жөніндегі облыстық байқаудың жеңімпазы. 
2005 жылы қала мектептері арасындағы «Ең үздік оқу материалдық базасы» байқауында бірінші орын иегері атанды    
1937-2007 жылдар аралығында мектепке 17 адам басшылық етті. Солардың ішінде көп жылдар қызмет атқарған  директорлар: Қабылдин Апшау Қабылдаұлы  (1955-1962 ж, 1981-1990ж.),Төлегенов  Мүбарак Жанбосынұлы  ( 1963-1981ж.), Қабдуалиева Гүлнар  Балтабайқызы (1991)Жалмағамбетова Бұлғын Шакенқызы (1999-2005 ж).Абилова Хабиба Жекенқызы 2005 жылдан бастап Дарынды балаларға арналған №10 Абай атындағы лицей мектебінің директоры.Дарындыларды даңғыл жолға сала білген 70 жылдық тарихы бар мектептің бүгінгісі – айқын, болашағы жарқын.

«Павлодар қаласы жалпы бiлiм беретiн Абай атындағы №10 қазақ орта лицей мектебі» Мемлекеттiк Мекемесiнiң Ж А Р Ғ Ы СЫ

I. Мекеменiң атауы.

Мекеменің атауы: «Павлодар қаласы Дарынды балаларға арналған Абай атындағы № 10 лицей мектебі» Мемлекеттік Мекемесі

II. Жалпы қағидалар.

2.1. “Павлодар қаласының жалпы білім беретін Абай атындағы №10 қазақ орта лицей мектебі” Мемлекеттiк Мекемесi, әрi қарай Мемлекеттiк Мекеме, облыс әкiмiнiң 1999 жылғы 19 қаңтардағы №15 шешiмi бойынша құрылды; Құрылтайшысы – Павлодар қаласы бiлiм Басқармасы.. 2.2. Мемлекеттік мекеме өз қызметін Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерінің, лицейлерінің дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектептерінің қызметін ұйымдастыру тәртібі туралы Ережелеріне және осы Жарғыға сәйкес жүзеге асырады. 2.3. Мемлекеттік мекеме заңды тұлға болып табылады, оның мөрі, өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөртабаны бар, мемлекеттік мүлікті жедел басқару құқығында иеленеді, дербес балансы, банкі мекемелерінде есеп айырысу, арнайы, демеуші шоттары бар. 2.4. Жарғылық қызметті қаржыландыру бюджеттік қаражат, Қазақстан Республикасының Үкіметімен белгіленген тәртіпте Мемлекеттік мекеме пайдаланатын өзге қаржылық және материалдық түсімдер есебінен жүргізіледі. 2.5. Мекеменің білім беру үрдісін ұйымдастыруға бағытталған жарғылық қаржы-шаруашылық қызметін жүргізу бөлігіндегі заңды тұлғаның құқықтары тіркелген сәттен бастап күшіне енеді. 2.6. Мемлекеттік үлгідегі білім туралы кұжатты мектеп бітірушілеріне табыс ету құқығы мекемеге лицензия берілген сәттен бастап күшіне енеді. 2.7. Оқитындарға медициналық қызмет көрсету медициналық штат құрамымен қамтамасыз етіледі. 2.8. Мекемеде тамақтандыруды ұйымдастыру Мекеменің өзімен жүргізіледі немесе мектеп асханасын жалға алып отырған жеке кәсіпкерге жүктеледі. 2.9. Мекемеде ұйымдастыру құрылымдарын, саяси партияларды, қоғамдық-саяси және діни қозғалыстар мен ұйымдарды құруға жол берілмейді.

III. Негізгі міндеттерді және оларды жүзеге асыру.

3.1. Мемлекеттік мекеменің басты міндеті – ұлттық және адамға тән жалпы құндылықтар, ғылым мен тәжірибенің жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби бейімдеуге бағытталған орта білімді тегін алу үшін қажетті жағдайлар жасау. Мемлекеттік мекеменің басымдық міндеттері болып табылады: • білім беру бағдарламаларын мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес меңгеру үшін жағдайлар жасау; • жеке тұлғаның шығармашылық, рухани, дене бітімі мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік және салауатты өмір салты негіздерін меңгерудің тиянақтылығын қалыптастыру, жеке тұлғалықты дамытуға жағдай жасау жолымен санаткерлікті байыту; • азаматтылық пен отаншылдықты, өз Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікті, мемлекеттік рәміздерді, халық дәстүрлерін құрметтеуге, конституцияға қарсы және қоғамға жат кез келген қылықтарға мойынсұнбауға тәрбиелеу; • республикамыздың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне жеке тұлғаның қатысу қажеттіліктерін, өз құқықтары мен міндеттеріне саналы қарауын қалыптастыру; • дүние жүзілік және отандық мәдениеттің жетістіктеріне телу; қазақ және республикамыздағы өзге халықтардың тарихын, әдет-ғұрып салт-дәстүрлерін оқып-зерделеу, мемлекеттік, орыс және шетел тілдерін меңгеру; • оқытудың жаңа технологияларын іс жүзіне еңгізу, педагогикалық үрдісті ақпараттандыру; • ата-аналар мен оқушылардың білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жағдайлар жасау. 3.2. Негізгі міндеттерді жүзеге асыру үшін Мемлекеттік мекеменің: • білім басқармасымен келісім бойынша мемлекеттік білім беру стандарттарын ескере отыра, өздігінен оқу бағдарламаларын әзірлеуге, қабылдауға және жүзеге асыруға; білім берудің жаңа бағдарламаларын тәжірибеден өткізуге және іс жүзіне еңгізуге; • оқу жоспарын, жылдық күнтізбелік оқу кестесін және сабақ кестесін әзірлеуге және бекітуге; • Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңнамасында белгіленген оқыту мен тәрбиелеудің нысандарын, құралдарын және әдістерін таңдауға; • қосымша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру және қосымша соның ішінде ақылы білім беру қызметтерін көрсетуге; • баға жүйесін, аралық аттестациялаудың нысандарын, тәртібі мен мерзімділігін өздігінен таңдауға; • өзінің жарғылық қызметін іске асыру үшін қосымша қаржы және материалдық қаражат көзін тартуға; • белгіленген тәртіпте ғимараттарды, құрылымдарды, құрал-жабдықтарды, көлік құралдарын және басқа мүлікті жалға алуға және жалға беруге құқығы бар.

IҮ. Білім беру үрдісін ұйымдастыру

4.1. Мекеме білім беру үрдісін жалпы білім беретiн бағдарламалар деңгейіне сәйкес білім берудің III сатысы бойынша қазақ тілінде жүзеге асырады. І саты – бастауыш жалпы білім беру /нормативтік мерзім 4 жыл – 1-4-сынып/. Құрамына дарынды балаларға арнайы мамандандырылған сыныптар кіреді. II саты – негізгі жалпы білім беру /нормативтік мерзім 5 жыл – 5-9-сынып/. Құрамына дарынды балаларға арналған арнайы мамандандырылған сыныптар, лицей сыныптары кіреді. III саты – орта /толық/ жалпы білім беру /меңгерудің нормативтік мерзімі 2 жыл – 10-11-сынып/. Құрамына дарынды балаларға арналған арнайы мамандандырылған сыныптар және лицей сыныптары кіреді. Оқитындардың және /немесе/ олардың ата-аналарының /олардың орнына жүрген тұлғалардың/ қалауы бойынша Мекемелерде әр түрлі салалар мен бағыттарда оқыту енгізуі, ата-аналар ақысы есебінен ұзартылған күн топтары ашылуы мүмкін. 4.2. Негізгі жалпы және орта /толық/ жалпы білім беру сатыларының жалпы білім беру бағдарламаларын меңгеру мектеп түлектерін міндетті қорытынды аттестаттаумен аяқталады; көшіру және қайта оқыту Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің нұсқаулығына сәйкес жүргізіледі. 4.3. Оқитындардың сабақ тәртібі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігінің, облыс білім департаментінің және Павлодар қаласы білім басқармасының білім берудi реттейтiн құжаттарына сәйкес белгіленеді. 4.4. Қосымша ақылы білім беру қызметтері ата-аналардың өтініштері негізінде ұйымдастырылады: • пәндерді қарқынды оқыту; • пропедевтикалық курстар; • практикумдер; • репетиторлық; • арнайы курстар; • үйірмелер және т.б.

Y. Білім беру үрдісіне қатысушылар

5.1. Мекемеде оқитындар, педагог қызметкерлер, оқитындардың ата-аналары /олар орнына жүрген тұлғалар/ білім беру үрдісіне қатысушылар болып табылады. 5.2. Тиісті жасқа толған балалар Мекеменің 1-сыныбына медициналық терістеу айғақтары болмаған жағдайда жалпы даму деңгейлерін тексеру арқылы қабылданады. 5.3. Мекемеге қабылдану үшін ата-аналар /олардың орнына жүрген тұлғалар/ келесі құжаттарды тапсырады: • белгіленген үлгіде мектеп директорының атына жазылған өтініш; • аралық аттестатталу туралы құжаттар; • медициналық егу картасы; • туу туралы куәлік көшірмесі. 5.4. Мекемеге қабылданған кезде оқитындар және /немесе/ ата-аналары /олардың орнына жүрген тұлғалар/ Мекеменің Жарғысымен және білім беру үрдісін ұйымдастыруды реттейтін өзге құжаттармен танысуы қажет. 5.5. Мекемеде оқитындардың: • мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес тегін жалпы білім алуға; • білім берудің нысандарын таңдауға; • мемлекеттік білім беру стандарты шеңберінде дербес оқу жоспары бойынша оқуға; жеделдете оқыту курсынан өтуге; • қосымша /соның ішінде ақылы/ білім беру қызметтеріне; • Жарғыда белгіленген түрде Мекеменi басқаруға қатысуға; • адамға тән абыройды, ар-ұят және ақпарат еркіндігін құрметтеуге, жалпы адамдық мінез-құлық нормалары шеңберінде өз қөзқарасы мен сенімін еркін көрсете білуге құқығы бар. 5.6. Мекемеде оқитындар: • Мекеменің Жарғысын орындауға: • адал оқуға; • Мекеменің мүлігіне ұқыптылықпен қарауға; • басқа оқитындар мен қызметкерлердің абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге; • «Білім туралы» Заңмен және Мекеме Жарғысымен мекеме қызметкерлерінің құзырына жатқызылған талаптарды орындауға міндетті. 5.7. Мекемеде оқитындар мектеп ішінде бекітілген мектеп формасына сәйкес киінуге міндетті. 5.8. Мекеменің педагогикалық қызметкерлерінің: • өзінің кәсіби абыройы мен қадір-қасиетін қорғауға; • оқыту мен тәрбиелеудің әдістемелерін, оқу құралдары мен материалдарын, оқулықтарды, оқушылардың білімін бағалау әдістерін еркін таңдауға пайдалануға; • өз біліктілігін арттыруға; • өз еркі бойынша тиісті біліктілік санатына аттестациядан өтуге; • Жарғыда белгіленген түрде Мекеменi басқаруға қатысуға құқығы бар. 5.9. Мекеменің педагогикалық қызметкерлері: • тиісті педагогикалық мінездемелер талаптарын қанағаттандыруға; • Мекеменің Жарғысын және ішкі тәртіп ережелерін орындауға; • еңбек шарты талаптарын қатал орындауға; • оқу үрдісі кезінде оқитындардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге; • оқитындардың білім сапасын қамтамасыз етуге; • Мекеме мүлігінің сақталуын қамтамасыз етуге; • білім беру үрдісінің санитарлық-гигиеналық нормаларын сақтауға міндетті. 5.10. Мекемедегі тәртіп - оқитындардың, педагогикалық қызметкерлердің адамдық абыройын құрметтеу негізінде орнатылады. Оқитындарға қатысты дене және психикалық озбырлық әдістерін қолдануға жол берілмейді. 5.11. Ата-аналардың /олардың орнына жүрген тұлғалардың/: • балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға; • оқу түрлерін таңдауға; • Жарғыда белгіленген түрде Мекеменi /Қамқоршылық Кеңесі/ басқаруға қатысуға; • Білім беру үрдісінің барысымен және мазмұнымен, оқушылардың үлгерім бағаларымен танысуға; • Мекеменің Жарғысымен және білім үрдісін ұйымдастыруды реттейтін өзге құжаттарымен танысуға; • Мекемеге қаржылық және материалдық көмек көрсетуге құқығы бар. 5.12. Ата-аналар /олардың орнына жүрген тұлғалардың/: • өз балаларының оқуы мен тәрбиесіне жауап беруге; • оқитындардың академиялық қарыздарын жоюды қамтамасыз етуге; • Мекеме Жарғысын орындауға; • мемлекеттік мекеме мүлігінің оқушылардың қатысуымен бүлінгені үшін материалдық жауап беруге міндетті.

YІ. Мекемені басқару

6.1. Мемлекеттік мекемені басқару Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына және Қазақстан Республикасындағы жалпы білім беретін мекеме туралы тұрпатты Ережеге сәйкес адамға тән жалпы құндылықтардың демократиялығы, ашықтығы, басымдылығы, адамның өмірі мен денсаулығын сақтау, жеке тұлғаны еркін дамыту қағидасында iске асырылады. Мекемені басқару дара басшылық және өзін-өзі басқару қағидаларының ұштасуы негізінде іске асырылады. 6.2. Құрылтайшының құзыреті: • Мекеменің қаржы және шаруашылық қызметіне бақылау жасайды; • Мекеменің білім беру қызметіне бақылау жасайды; • Мекеменің Жарғысын, Жарғыға еңгізілген өзгертулер мен толықтыруларды бекітеді; • Мекемені тарату немесе қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдайды. 6.3. Мектепке тiкелей басшылық жасауды бiлiм басқармасының бастығы тағайындаған директор iске асырады. Мектеп директоры өзінің іс-әрекеті үшін ата-аналардың /заңды өкілдердің/, мемлекеттің, қоғамның және Құрылтайшының алдында біліктілік талаптарда, еңбек шартында /келісім-шартта/ және Жарғыда ескерілген функционалдық міндеттеріне сәйкес жауап береді. 6.4. Директордың құзыреті: • Мекеменің білім беру және шаруашылық қызметін ұйымдастырады; • Мекемені сенімхатсыз бiлдiре алады және Мекеме атынан іс-қимыл жасайды, мекемелермен, ұйымдармен, кәсіпорындармен және жеке тұлғалармен шарт жасасады; • Мекеме қаражатының жеке дара жұмсаушысы болып табылады, Мекеменің есеп айырысу және өзге есеп шоттарын ашады; • Мүлікті иелену, пайдалану және билеу құқықтарын жүзеге асыруға бағытталған іс-әрекеттерді Мекеменің атынан іске асырады; • Мекеме қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады; • Мекеменің кадрларын орналастырады, штат кестесін және қызметкерлерін лауазымдық нұсқауларын бекітеді. 6.5. Педагогикалық кеңес Мемлекеттік Мекеменің жоғары ұжымдық органы болып табылады.

ҮII. Қаржыландыру және шаруашылық қызмет

7.1. Мекеменің бюджеттiк қаржыландырылуын қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес бiлiм басқармасы іске асырады. 7.2. Мекеменің мүлігін және қаржы ресурстарын қалыптастыру көзi: • Құрылтайшының меншікті қаражаты; • бюджеттік және бюджеттен тыс қаражаттар; • Мекемеге меншік иесі немесе өкiлетті орган берген мүлік; • ата-аналардың /олардың орнына жүрген тұлғалардың/ қаражаты, жеке және заңды тұлғалардың ерікті қайырымдылығы; • өнімдерді өткізуден және қызметтерді көрсетуден, сондай-ақ өздігінен қызмет жасауға рұқсат етілген басқа жұмыс түрлерінен түскен кіріс; • қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзгеде қаржы көздері болып табылады. 7.3. Құрылтайшы Мекемеге мүлікті жедел басқару құқығында қабылдау-тапсыру актісіне сәйкес бекітеді. Мекемеге жедел басқару құқығында бекітілген мүлік оның меншігi болып табылды. Мекеме өзіне жедел басқару құқығында бекітілген мүлікті оның тиiсiнше, қызметтің жарғылық мақсаттарына, ҚР заңнамасына және Мекеме мен Кұрылтайшы арасында жасасқан шартқа сәйкес иеленеді, пайдаланады. 7.4. Мекеменің ақша қаражаттарына, мүлкiне, сый-сияпат, қайырымдылық көрсету түрінде немесе өсиетхат бойынша жеке заңды тұлғалар берген өзге меншікті объектілерге; қызмет нәтижесі болып табылатын санаткерлік және шығармашылық еңбектің өнімдеріне, сондай-ақ Мекеменің меншікті қызметінен түскен кіріске және осы кіріске сатып алынған меншікті объектілерге меншік құқығы бар болады. 7.5. Мекеме қолда бар қаржы қаражатын дербес иеленеді. Мекеме қызметкерге жалақы мөлшерлемесін /лауызымдық айлық ақыларын/ Бірыңғай тарифтік тор негізінде тарифтік-біліктілік талаптарға сәйкес және аттестаттау комиссиясының шешімі негізінде белгілейді; үстемақы, қосымша төлем және ынталандыру сипатындағы басқа төлемдердің түрлерін және мөлшерлерін еңбек ақы төлеуге, сондай-ақ штат кестесіне бөлінген қаражат шегінде анықтайды. 7.6. Мекеме өзінің иелігіндегі ақша қаражатымен және меншігімен міндеттемелері бойынша жауап береді. Мекеменің қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда оның міндеттемелері бойынша Құрылтайшы заңмен белгіленген тәртіпте жауап береді.


ҮIII. Қызметті реттеу

8.1. Мекеменің қызметі жергілікті актілердің мына түрлерімен реттелінеді: • Жарғы; • Ішкі тәртіп Ережелері; • Оқитындарға арналған Ережелер; • Лауазымдық нұсқаулар; • Қызметкерлердің еңбек ақысын төлеу және сыйақы беру туралы Қағидалар; • Мекеме директорының бұйрықтары мен нұсқаулары; • Кестелер, графиктер.Жергілікті актілер қолданыстағы заңнамаға және осы Жарғыға қайшы келмеуі қажет. 8.2. Мекеменің қызметін осы Жарғының бабында көрсетілген өзге жергілікті актілермен реттеу қажетілігі болған жағдайда олар Жарғыға қосымшалар ретінде тіркелуге жатады.

ІХ. Қайта ұйымдастыру және тарату

9.1. Бiлiм басқармасының шешiмiмен Мекеменің қызметі қайта ұйымдастыру немесе тарату жолымен тоқтатылуы мүмкін. 9.2. Мекемені қайта ұйымдастырған кезде /ұйымдастыру-құқықтық нысанын, мәртебесін өзгерту/ оның Жарғысы, лицензиясы және мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі күшін жояды. 9.3. Мекемені тарату Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте және жағдайда іске асырылады. 9.4. Оқу жылы аяқталғаннан кейін, Мекемені таратқанда немесе қайта ұйымдастырған кезде, Құрылтайшы оқитындардың ата-аналарымен /олардың орнына жүрген тұлғалармен/ келісім бойынша оқушыларды басқа жалпы білім беретін мекемелерге көшіруге жауапкершілікті өзіне артады. Мекемені таратқан кезде оның иелігіндегі ақша қаражаты және меншік құқығындағы өзге меншікті объектілер, міндеттемелерді жабу бойынша төлемдер шегеріліп, Мекеме Жарғысына сәйкес білім беру саласын дамыту мақсатына жіберіледі.

Біздің мақтанышымыз:

<googlemap lat="52.284112" lon="76.966059" zoom="12"> 52.284112, 76.966059, Павлодар, Pavlodar, Kazakhstan 52.284112, 76.966059 </googlemap>

Наш адрес: г.Павлодар ул.Толстого 95, тел/факс: +7(7182)328248, e-mail: pvl_sch10@mail.ru

Участник:Камиль Айбек



Персональные инструменты
Инструменты